Экономика 0 пікір 0 лайк

Көршi елмен сауда байланысы нығая түспек

Ақпан 10 / 2018

 

Өңір басшысы осы аптада өзімен бірге іскер азаматтарды бастап келген ресейлік кәсіпкер Дмитрий Терешковпен жүздесті. Д.Терешков – «Фудсиб» көтерме және бөлшек сауда кешенінің инвесторы. Кездесуде екі жақ Оңтүстік шаруаларының өндірген өнімдерін Ресей нарығына жөнелту, осылайша сауда-саттықты жандандыру арқылы өзара іскерлік қарым-қатынасты нығайту мәселесін талқыға салды. Өз кезегінде Жансейіт Қансейітұлы Ресейдің Новосібір қаласында орналасқан «Фудсиб» кешенін оңтүстікқазақстандық шаруалар барынша пайдаға асыру қажеттігін айтып, бұл мәселеде жергілікті фермерлер шет қалмас деген сенім білдірді.

 

Облыс әкімі Шымкент қаласының әкімі Н.Сауранбаевтың тұрғындар алдындағы жылдық есеп беру жиналысына қатысты. Есептің соңында әкім қалада біраз мәселеде ілгерілеушілік барын айта келе, шешімін күткен түйінді проблемаларға да тоқталды. Әсіресе, Жансейіт Қансейітұлы қалаға жаңадан қосылған елді мекендердегі инфрақұрылым және коммуналдық мәселелердің оң шешімін табуы үшін билік пен тұрғындардың бірлескен іс-қимылы қажет екендігін түсіндірді.

Өңір басшысы Пәкістан Ислам Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Абдул Салик Ханмен кездесті. Әңгіме барысында тараптар қос елдің сауда-экономикалық және өзге де салалар бойынша әріптестік байланыстардың барысын сөз етті. Сондай-ақ, облыс әкімі шетелдік қонаққа өңірдің инвестициялық әлеуеті туралы және шетелдік инвесторларға қарастырылатын жеңілдіктер жайында айтып берді.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ