Рухани жаңғыру 0 пікір 0 лайк

Жаңа әлемге бейiмделу мен жетiстiкке жету

Ақпан 10 / 2018

 

Елбасының биылғы Жолдауы – еліміз үшін маңызды саяси оқиғалардың бірі. Бұл Жолдаудың ерекшелігі сонда, ол бізге Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайына бейімделуіміз үшін қандай шараларды қолға алуымыз қажеттігін айқындап берді. Қазіргі кезде елімізде көптеген бағдарламалар қабылданып, ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Біз тәуелсіздігімізді нығайтуда тарихи кезеңдерден өтіп, елімізді дамыту мүмкіндіктерін барынша ұтымды пайдаланып келеміз. Жаңа 2018 жылдың табалдырығынан аттаған еліміз көптеген жетістіктерге жетті. Атап айтқанда, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болдық, Бүкіләлемдік Қысқы универсиада мен EXPO–2017 халықаралық көрмесін де сәтті өткіздік. Өткен жылдың басында Елбасының бастамасымен конституциялық реформа жүргізілді. Қазақстан экономиканы жаңа деңгейге көтеретін Үшінші жаңғыруға қадам басты. Мәні терең, кең ауқымды «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына сәйкес жұмыстар жалғасып жатыр.

 

Биылғы Жолдауда Мемлекет басшысы жүзеге асыруымыз үшін нақты 10 тапсырма берді.

Жолдауда айтылған бүгінгі қоғамдағы маңызды мәселенің бірі – адами капиталды дамыту. Сондай-ақ, он негізгі міндет аясында өндіріс үдерістерін сандық негізге көшіру арқылы индустрияландыруды өрістету, білім беруді жаңа сипатта дамыту, қаржы секторын қайта қалыптастыру, көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлықпен күрес және тиімді мемлекеттік басқару жүзеге асатынына сенім білдірді.

Жолдауда айтылған әрбір бағыттың елге берері көп. Тек соны тиімді пайдалануға күш салуымыз қажет. Яғни мұндағы басты мақсат – өнеркәсіптік революцияның мүмкіндіктерін ұтымды пайдалану. Президент Жолдауында аталған тапсырмаларды елімізде әрбір саланың мамандары жүзеге асыруы қажет. Сонда ғана өркениетті елдер сияқты мемлекет ілгерілеп дамиды. Осы орайда «Оңтүстік» мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлері Елбасының Жолдауын жүзеге асыру үшін іргелі ізденістерді бастап та кетті. Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі. Ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу.

Қорыта айтқанда, бәріміз елімізде өскелең ұрпақ бойына «Мәңгілік ел» идеясы негізінде ортақ құндылықтар саналатын азаматтық теңдік, еңбексүйгіштік, адалдық және білімпаздық идеологиясын қалыптастырып, Жолдауда көрсетілген игі шараларды іске асыруға бір кісідей атсалысайық.

А.МӘМБЕТАЛИЕВ, «Оңтүстік» мемлекеттік кірістер басқармасының салықтарды әкімшіліктендіру бөлімінің басшысы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ