Шарапхана ма, Сарапхана ма?

Ақпан 10 / 2018

 

Шарапхана ауылының атауы көптен бері көкейімде көңілсіздік тудырып жүретін. Неге Шарапхана? Әлімсақтан мұсылман қазақ халқы қалай ғана туған жеріне ит ішпейтін ішімдіктің атын қояды? Шарапхана деген атауда қандай қисын бар? Бәлкім, бұл кешегі кеңестік кезеңнің солақай саясатының жемісі ме?

 

Сайқал саясат қазақ халқының басына небір нәубеттер салды. Қазақты ана тілінен безіндірді, салт-дәстүрінен жаңылдырды, санасын атеизммен улады. Ұлт жаулары жүрген жерін, ішкен асын дәріптеді. Қаны таза қазақ халқының санасын улау үшін шарапты насихаттауды мақсат етіп, ауылға Шарапхана атауын беру сол кезде әлдебіреулерге мәртебе саналды ма екен?.. Ауылға Шарапхана атауы бір емес, екі рет берілді. Рас, біраз жыл бұл ауыл Қаратас деп те аталған.

Алдыңғы толқын ағалар не дейді? Олардың айтуынша, тоғыз жолдың торабындағы Сарапхана бір заманда қала болған дейді. Сарапхана бай-болыстар мен бектердің басы қосылып, елдің жайымен даулы мәселелерді шешетін орын болыпты. Ұлы Жібек жолы да осы Сарапхана қаласын басып өткенін, жолаушылар аялдап, сауда­герлер сауда-саттықтарын жүргізетінін, оңтүстіктің шөлі мен таулы өлкесіндегі көшпенді елдің сауда орталығы болғаны да айтылады. Керуеншілер, Ұлы жолдың бойындағы жолаушылар осында дамылдап, елдік мәселелерді сарапқа салатыны көнекөздерден бүгінге жеткен.

Сарапхана қаласында егіншілік дамымаған. Сондықтан мұнда бау-бақша, жүзім өсірілмеген. Демек, жүзім өсірмейтін жерде шарап өңдеу өнеркәсібі де болмайды.

Алайда, Сарапхана атауы неге Шарапхана болып өзгергенін бүгінге дейін ешкім тап басып айта алмайды. Жалпы, ауылдың Шарапхана деп аталғаны дұрыс па? Аталарымыз арақ-шарап ішпеген, оны өндірмеген. Ішімдікті харамға жатқызған халықпыз. Солай екен, тоғыз жолдың торабына қоныс тепкен, болашағы жарқын ауылды Шарапхана деп атауымызға жол болсын?!

Арақ-шараптың кесапатынан қаншама азаматтарымыз маскүнемдікке салынса, қаншама отбасы ойран болуда, ішімдіктің кесірінен қаншама қылмыс орын алып жатқандығы жасы­рын емес. Бүгінде ішімдік атаулымен бүкіл адамзат болып күресіп жатқанда біздің елде Шарапхана деген ауыл бар деуіміз қаншалықты орынды? Ауы-лымыздың атауы бүгінгі заманға сай ма?

Бүгінде әлем жұрты мойындаған тәуелсіз елміз. Еркіндігіміз де, азаттығымыз да өз қолымызда. Жаңа қоғамда адамдар жаңаша өмір сүруді, жаңаша ойлауды мақсат етеді. Әлем өзгеруде. Ендеше, біз де өзгеруге тиіспіз.

Бұл жөнінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» деген болатын.

Ел ағалары ауылдың атауын Сарапхана деп өзгертілуін қалайды. Аға ұрпақтың мұндағы мақсаты ежелден қалыптасқан ауыл тарихын кейінгі ұрпаққа бұрмаламай, дұрыс жеткізу. Өткенді білмей, болашақты болжай алмайсың дегенді білдіру.

Осы орайда ойыма бір оқиға оралып отыр. Өзбекстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Шарап Рашидов қайтыс болғанда қазақтың біртуар ұлы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев үзеңгілес досының отбасына көңіл айту үшін Ташкентке барады. Сол сапарында қазіргі Қазығұрт ауданының үстімен өтеді. Бұдан хабардар аудан басшылары жолай Дінмұхаммед Ахметұлын күтіп алып, Шарапхана ауылынан жаңа типте салынған мектепті Д.А.Қонаев атымен атауды, оның лентасын қию рәсімін өзіне жасатып, құрмет білдіруді ойластырған екен. Бұл ұсыныс Дінмұхаммед Ахметұлына ұнайды. Сол жиында сөз алған ұлы тұлға «мен Оңтүстіктің халқына ризамын. Мұнда елдің ынтымағы мен бірлігі бекем. Елдің бүгіні мен болашағын ойлай білген ел азаматтарына ризалығымды білдіремін. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын, ардақты ағайындар» деп алқызыл лентасын қиып, мектеп ішін аралап, сыртқа шықты да:

– Бұл ауыл қалай аталады? –деп жанындағы адамдардан сұрады.

– Ауылдың аты Шарапхана, – деді ауыл ақсақалдарының бірі.

– Шарапхана? Ауылдың бұлай аталуы әбестеу екен... Бұл жер кең дала болған ғой. Мұнда жүзім өспеген, шарап зауыты салынбаған. Әу баста қазақ халқының қаны таза болған. Шарап ішпеген, ішімдікті харам санаған халықпыз ғой. Бұл жерден Ұлы Жібек жолы өткен. Керуендер тоқтап, сауда-саттығын жасайтын Сарапхана деген қала болғанын тарихшылардан бірнеше рет естігенім бар еді. Сондықтан ауылдың тарихи атын қалпына келтіргендерің дұрыс қой, – деп аудан басшыларына аманат еткені бар еді.

Алайда, Қонаевтың аманаты орындалусыз қалды. Арада жылдар өтті. Тәуелсіздігін алған еліміз жыл санап дамып келеді. Заман өзгерді. Қоғамның, адамдардың көзқарастары өзгерді. Ауылдың келбеті де өзгерді. Жаңа ауылдар пайда болды. Ел өсті. Соған сәйкес, Шарапхана ауылы да көркейіп, сәулеттеніп келеді. Жаңа құрылыстар бой көтеріп, жолдар салынуда. Ауыл азаматтарының демеушілігімен саябақтар, түрлі спорт алаңшалары ел игілігіне пайдалануға берілуде.

Биік тұғырдың үстінде елінің қамын жеген Салқам Жәңгір мен жаугершілік заманда елінің азаттығы жолында ерліктің өнегесін көрсеткен Жалаңтөс баһадүрдің еңселі ескерткіштері алыстан менмұндалап тұр. Бүгінгі заманға сай күн санап дамып, көркейіп келе жатқан ауылға өзінің тарихи Сарапхана атауы қайта берілсе деген ауыл ақсақалдарының тілегі ескерілсе дұрыс болар еді. Бұл бір жағынан қазақтың асыл перзенті, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың аманатына адалдық танытқанымыз болып шығар еді.

Ең бастысы, ауылдың құлаққа жайсыз естілетін атауынан арылар едік. Мәселен, «Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс батырдың ескерткіші Шарапханада тұр» дегеннен гөрі «Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс батырдың ескерткіші Сарапхана ауылында тұр» десек, рухани тұрғыдан да дұрысырақ болып шықпай ма?

«Жақсы сөз жарым ырыс» деген. Меніңше, ел, жер атауларындағы көңілге қаяу түсіретін мәнсіз де, мағынасыз атаулардан тезірек арылғанымыз абзал.

Бұл ұсыныс-пікірімді жоғарыда­ғылар ескерсе, ауыл тұрғындары да ауыл атауын өзгерту жөнінде өз ойларын ортаға салса, құба-құп болар еді.

Жорабек СҮЙЕУБЕКОВ, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ҚР «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ