«Көк түріктер айтып кеткен түпнұсқа біздің қолымызда!»

Ақпан 10 / 2018

 

Түркітанушы Қаржаубай САРТҚОЖАҰЛЫ: «Көк түріктер айтып кеткен түпнұсқа біздің қолымызда!»

 

Бізді Кеңес өкіметі титықтатып кетті

– Қаржаубай аға, газетіміздің қалың оқырманына түсініктілеу болу үшін «түркология» деген қандай ғылым, ол нені зерттейді, алдына қойған мақсаты қандай, бүгінгі таңдағы қол жеткен жетістігі мен көтерілген деңгейі қандай, алдында қандай кедергілер тұр, осының бәріне бір шолу жасап өтсек...

– Түркология – үлкен ғылым. Бұрын ол «шығыстану» ғылымының бір саласы, бір бұтағы ретінде дамып келген болатын. Кейінірек әлем халқының елеулі бір бөлігі, қай жағынан болса да, түркілер екені белгілі болды. Сонау ғұн дәуірінен бері жартылай отырықшы, жартылай көшпелі, дегенмен, көшпелілігі басым, жеке мәдениеті, материалдық байлығы болғаны, ал, рухани байлығы әлем өркениетіне мол олжа салғаны анықталды. Және осының бәрін, әсіресе, озық рухани байлықты түріктер көптеген басқа халықтардан бірде-бір кем емес жасағаны мәлім болды. Міне, осының бәрі анықталғаннан кейін, айқындалғаннан кейін бұл салаға әлемнің озық ойлы ғалымдарының назары еріксіз ауды.

– «Түрік» деген сөз алғашқы рет қашан, қалай қолданысқа енді?

– Түріктерге байланысты «османлы түріктері», «селжүк түріктері», «көк түріктер» деп айтылып жүрді. Бірақ, осы түрік халқының құдіретін алғаш рет жарқырата ашқан тарихи-рухани мұра – ол Күлтегін ескерткіші. Осы ескерткіш ашылғаннан кейін түркі халықтарының рухани бай мұрасына ғалымдар назары ерекше ауды және оны зерттеу ерекше қарқынмен алға жылжыды.

Ал, енді бүгінгі жағдайда түркологиядағы негізгі мәселе не дегенге келетін болсақ, сол Күлтегін ескерткіші ашылған күннен бастап осы бүгінге дейін ғалымдар тіл жағына баса көңіл бөлді. Этнографика дейміз, түркі халқының жазу ерекшелігі, оның тілі, салт-дәстүрі, өскен жерінің табиғаты, тарихы, осының бәрінің ішінен тіл ерекше көп зерттелді. Олай болуы дұрыс та, заңды да. Дегенмен, түркілердің тарихына тереңдеп барған ғалымдар аз болды. Ең бірінші болып оны қолға алған адам – атақты шығыстанушы, академик Бартольд болатын. Оның осы тақырыпқа арналған 12 лекциясы бар. Оның өзі де сол кездегі түрколог ғалымдардың аудармасына сүйеніп жазылған және көптеген кемшілігі бар дүние.

Екінші болып түркі тарихын зерттеуге атсалысқан ғалымдардың бірі – Сергей Григорьевич Кляшторный. Осыдан екі жыл бұрын 85 жасқа келіп қайтыс болды. Менің әрі әріптесім, әрі ұстазым. Ол кісі біраз жұмыс атқарып кетті...

Түркілердің тарихын терең зерттеу үшін жазба деректерге археологиялық қазба деректерді қосу керек болды.

– «Ауызша дерек жаңылыстырады, өйткені ұмытылып қалады; жазба дерек алдайды, өйткені оны билеушілер жаздырады; ең алдамайтыны да, жаңылыстырмайтыны да – қазба дерек, өйткені ол сол күйінде сақталады. Осы үшеуінің түйіскен жерінен барып шынайы тарих шығады» деп қазақ тарихшыларының көшбасшысы Әлкей Марғұлан атамыз айтып кеткендей, археологияны іске қоспай толық тарих шықпайды дейсіз ғой?

– Әрине! Қазба жұмыстар Моңғолияда жақсы жүргізілді. Бізде де жоқ емес, бар, бірақ, кеңес кезеңінде оған онша көп көңіл аударылмады. Тәуелсіздік келгелі жұмыс істеліп жатыр, дегенмен, нәтиже біз күткендей емес. Неге? Оның бірнеше себебі бар.

Біріншіден, қазақ жерінде сақталып келген ескерткіштердің дені ислам діні тарала бастағанда жойылып кетті. Ислам ене бастаған заманда біздің жерімізде көк түріктердің көп мұрасы бар еді. Жаңа дін қанатын жаю үшін көне діннің – тәңіршілдіктің мұраларын жою керек болды. Мысалы, 1891 жылы Гейтель есімді фин ғалымы Талас бойына келгенде үлкен-үлкен, тіпті алып ұстындардың іргетастары – бақатастар болған. Бүгінде олардың сынығы да жоқ...

Рухани байлықты заттай байлық түрінде сандаған ұрпаққа жеткізіп тұрған ескерткіштерді жою арқылы Ұлы даланы мекендеген халықтың да жадынан біраз нәрсе өшірілді. Қараханидтер дәуірінде, Х-ХІ ғасырда қазақ даласының күнгейіндегі, Сырдария мен Амудария арасынан, Ферғана ойпатынан бастап Меркі мен Талас аңғарына дейінгі аралықтағы заттай дүниелер тегіс қиратылды. Одан беріде орыс бодандығына тап болдық. Бірінші Петр заманында-ақ біздің кесенелеріміздегі, әсіресе, мазар-қорымдардағы, жерасты мавзолей, мешіттердегі алтын-күміс секілді небір құндылықтарымыз тоналды, орыстар тіпті бұл мақсатта арнайы экспедициялар шығарып отырды, ол үрдіс «жабайы археология» деген атауға ие болды. Содан барып Ұлы даланың көп дүниесі Петербордың музейлерінен орын тепті... Бұл бодандықтың әсіресе кеңес өкіметі тұсындағы 70 жылы қазақ халқын тіпті титықтатып кетті.

– Кешегі отыз екінші жылғы ашаршылықта Арқаны аралаған мәшинелер, олардағы орыстардың консервіге, ұнға, нанға алтын-күміс әшекейлерді айырбастап алып кеткендігі жайлы бір емес, бірнеше естеліктерде айтылады ғой...

– Иә ондай деректер аз кездеспейді. Оқысаңыз қарадай отырып, жүрегіңіз ауырады. Айтайын дегенім, археологиялық тұрғыдан негізгі жақсы сақталған құндылықтарымыз – моңғол жерінде. Оның себебі, моңғол жеріне буддизм келді ғой. Рас, буддизм тарапынан да түркілер жасап кеткен мүсіндерге шабуылдар жасалынды. Шабуыл жасағанда олар мүсіндердің басын аралап кесіп тастап отырды. Бұл мүсіндер жамандық шақырады деген секілді сылтау-желеулер айтылды. Дегенмен, Моңғолиядағы жерасты дүниелеріміз сақталып қалды. Біз өз тарихымызға қажетті көп дүниені – «көк түріктер» дәуіріндегі жазба деректер, суреттер, мүсіндер, қалалар, қоныстар, үңгірге жерленген адамдардың киім-кешектері, құрал-саймандары, ат-әбзелдері – осының барлығын біз қазір сол жақтан алып жатырмыз.

Енді этнографияға – салт-дәстүрге келейік. Бұл жағы әлі қозғаусыз жатыр. Ғылымда палеоэтнография деп аталатын «көк түріктер» дәуірін зерттейтін бір ғалым жоқ бізде! Шет елдерде де жоқ. Онымен айналысу үшін қытай архивтеріндегі жазбаларды, археологиялық зерттеулердің қорытындыларын, т.б. көптеген дүниелерді зерттеу керек. Құдайға шүкір, қазаққа, Ордаға қатысты қытай тіліндегі ресми құжаттардың көбі ағылшын тіліне, моңғолшаға, орысшаға, немісшеге, қазақшаға аударылды. Қытай саудагерлері, саяхатшылары, барлаушылары жазып кеткен «бейресми» деген құжаттар тағы бар. Олар тып-тыныш жатыр. Көне қытай тілін білетін Бақыт Еженхан деген жалғыз жігіт бар. Оған, Нәбижан Мұхаметханұлына, Тұрсынхан Зәкенұлына мемлекет Қытайға экспедицияға шығуына, үлкен-үлкен архивтеріне кіруіне, аудармамен айналысуларына жағдай жасауы қажет. Олардың Қытайда бірге оқыған достары, жолдастары бар. Әрине, Қытай ішіне сырттан адам кіргізбеуге тырысады, ал, бұл жігіттер сол жақта оқып, жетіліп келген ғой. Міне, осы ұрықты олардың өзінің өзегіне салып, сондағы дүниені сорып алуымыз керек. Содан кейін ғана біз көне дәуірлердегі, «көк түріктер» дәуіріндегі, одан кейінгі дәуірдегі көп салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызды қалпына келтіруімізге болады. Ал, әзірге мен өзім шамам келгенінше қимылдап жатқан жайым бар.

 

Сүндетке отырғызу дәстүрі сақ заманынан басталады

– Сол көнеден жеткен салт-дәстүрлерден мысал келтіре отырыңызшы...

– Өте жақсы! Мысалы, біз ұл баланы сүндеттеу исламмен бірге келген деп білеміз. Сөйтсек, біз бала сүндеттеуді исламнан бұрын да қолданған екенбіз. Ислам діні VII ғасырда қалыптасып болды. Ал, Күлтегін ескерткішінің 31-жолы былай дейді: «Күлтегіннің Ұмайтекті анасы Күлтегінді 10 жасында ат болдырды». «Ат болдырды» нені білдіреді деп орыс тіліндегі, ағылшын тіліндегі, басқа да тілдердегі түрлі кітаптарды қарай бастадым. Сөйтіп жүргенде Мәшһүр-Жүсіп бабамыздың басына тәу етіп қайтып келе жатып, сәлем бере жолай қасымдағы сапарлас жолдасымның ағайындарына соқтық. Жолдасым әлгі үйге кірген соң жеңгесінен «өте көңілді, арқа-жарқа болып отырсыздар ғой, қандай жақсы жаңалықтарыңыз бар?» деп сұрады. Сол кезде әлгі әйел «жақсы жаңалық болғанда қандай, немеремді ат болдырдық» дегені. Мына таныс сөз мені елең еткізді. Неше жылдан бері мәнін таба алмай жүрген жоқпын ба? Анықтап сұрап едім әйел «сіздерше айтқанда сүндетке отырғыздық» деді... Келе салып кітаптарды тағы ақтармаймын ба? Ақселеуді қарап отырсам, Ақаң Руденконың есебінен оқыдым деп жазады. Руденко Тувадағы Пазырық қорғанындағы мұздақта, тоңда жерленген 20 жастар шамасындағы жігіт денесін табады. Еті сол күйінше бұзылмай сақталған, жігіт сүндеттелген екен» деп жазып, есебіне енгізіпті... Көрдіңіз бе, қазақта сүндеттеу қай уақыттан бері бар болғанын!? Сонау сақ заманынан!

– Міне, керемет! Әлекең талап еткен үш дерек тоғысты ғой – таста қашалып тұр, Арқада ауызша дерек айтып тұр, Тувада сүйек көрсетіп тұр! «Қобыланды батыр» қиссасында да «Бес жасына келгенде, бел қызығын көрсін деп, бес байталға жүгіртті! Алты жасқа келгенде, Тайбурылды ат қылды» дейтіні бар...

– Осы сияқты біз зерттей берсек, тапқанымыздан табарымыз өте көп әлі. «Білге қаған –Күлтегін» ескерткішінің бірінші сөйлемінде «Тәңірі тек» деген сөз бар. Осындағы «тек» сөзін әлем ғалымдары «тектес», «сипатты» деген мағынада аударып, «Тәңірі тектес (Тәңірі сипатты) Білге қаған – мен!» деп беріп келді. Ал, енді өзіңіз ойлаңызшы, Білге қаған өзін Тәңірімен қалай тектестіреді, қалай өзін Құдай сипатты көреді? Құдайға жаққаннан кейін де ол Білге қаған болып тұрған жоқ па? Құдай өзін құдай санайтын пендені жақтырушы ма еді?! Бірде-бір қаған, уәзір өзін Құдаймен теңестірмейді! «Тек» деген сөз моңғолша «нөл» дегенді білдіреді. Бізде ол «біреу», «жалғыз» дегенді білдіреді. Әдетте сондай екенін нығыздау үшін «тек қана» деп сөйлейміз. Ал, моңғол тілі мен түрік тілі – түбі бір, туыс, ұқсас дүние. Оларда жоқ бізде бар-дағы, бізде жоқ нәрсені олардан табасыз. Осы тұрғыдан келгенде «Тәңірі тек» деген тіркестегі «тек» сөзі қос бірдей мағына беріп тұр: Тәңір - біреу! Тәңір – жоқ! Әрине, Тәңір бар, және ол жалғыз ғана, бірақ, біз оны көре алмаймыз!

– Е-е, исламдағы «Құдай – бір! Пайғамбар – хақ! Құран – шын!» деген қағиданы біздің бабаларымыз ежелгі заманда-ақ тасқа таңбалап кеткен десеңізші!

– Мәселе сонда, жазылып қойған! Тәңір – жалғыз, оған балама жоқ! Және оны көруді адам баласына жазбаған. Осы екі ойды бабаларымыз жазылуы бірдей, бірақ, екі түрлі мағына беретін «тек» деген сөзбен айтып кеткен. Айтып отырмын ғой, ерінбей қазбалай берсек біз ашатын жаңалық толып жатыр...

Мен өзім «Күлтегіннен» бастап 9 ескерткішті қайта көшіріп, қайта оқыдым. 120-дай жазуды қайта оқыдым. Барлығына да түсініктеме беріп отырмын. Бұл – сол көк түріктер айтып кеткен түпнұсқа біздің қолымызда бар деген сөз! Демек, іргетас, кірпіш, ағаш тәрізді заттар қолымызда тұр. Енді мен соларды пайдаланып Орданың ғимаратын салуға, түркі тарихын жазуға кірісіп жатырмын...

– Керемет екен! Құдай өзіңізге қуат берсін, Қаржаубай аға!

– Иә, Тәңірден тілер тілек сол ғана! Денсаулық берсе, өмір берсе, алдағы 5-6 жылда дөңгелентіп тастармын деген ойдамын. Халқыма жасар сыйым сол болмақ менің... Бір жағынан, сіздің бағана қойған сұрағыңызға жауап бұл – әзіргі таңда түркология, түркітану ісі әлі шала деп ұғыңыз. Шала болатын себебі, біз оның тарихын тани алмай жатырмыз, тарихының ғимаратын тұрғыза алмай жатырмыз. Салатын затын түгендеп қана қойдық әзірге... Бізге бұл жағынан мемлекеттің үлкен қамқорлығы қажет. Біз өте қызғаншақ халықпыз. Біріміздің көтерілгенімізді екіншіміз көре алмаймыз. Моңғолда «ішінен әбзелді ат өткендей жігіт» деген сөз бар. Қазақ болса «ішінен көш өткендей жігіт» деп айтатын. Ол – бұрынғы қазақ еді. Бүгінгі біраз ағайынның ішіне шынашақ айналмайды! Осыны біз айтуымыз, біз жазуымыз керек...

 

Өз ұлыңа ешкім жетпейді

– Күлтегін ескерткіші барынша зерттелді деп жүрміз. Біз ғой, жарайды, өзімізді өзіміз, соның ішінде Күлтегінді де танып-білуге шамамыз жетпей жүрген халықпыз. Ал, сол Күлтегінді ағылшын, неміс, француз, жапон секілді дамыған, ұсынықты елдер қаншалықты терең зерттеп біле алды?

– Біле алған жоқ! Неге? Сіз бірнеше тіл меңгерген білімді, мәдениетті қазақсыз дейік. Бірақ, сіз ағылшынша немесе немісше ойлай алмайсыз ғой. Олардың жанын түсінбейсіз ғой. Мүйізі қарағайдай шетел ғалымдары қазақтың қарадомалақ жас баласы құрлы қазақ жанын түсіне алмайды. Әлихан Бөкейханов әлемге әйгілі В.Радловқа, орыс түркологиясының атасына кездесіп қалып, сұрапты: «Сіз өзіңіз зерттеген халықтарға, мысалы, менің қазағыма қалай қарайсыз?» «Биолог тышқанға қалай қараса, мен де солай қараймын» депті Радлов. Зерттеу нысаны ретінде ғана қарайды! Қазаққа деген махаббаты жоқ. Мұндай ғалымнан не шығады? Әлекең орнынан тұрып, шығып жүре беріпті... Ендеше, басы таз, мұрны пұшық, көзі соқыр болса да өзіңнің ұлыңа ешкім жетпейді. Өйткені, ол өз ұлтын сүйеді. Кемшілігі басындағы шашынан көп болса да...

– «Түркологияда ең көп зерттелгені – тіл» деп едіңіз. Ал, бір Күлтегін ескерткішінің өзінен сіз екі жаңалық ашыпсыз. Сонда тіл саласында да түрен түспей жатқан тың көп болғаны ма? Және лингвистеріміз сіздерге жәрдем бере алып жатыр ма?

– Көп, кезегін күтіп жатқан дүние өте көп! Ал, лингвистер біз түпнұсқадан оқып, аударып берген соң ғана «мынау – жұрнақ», «мынау – түбір», мына сөз мына елдің тілінде бар екен» дегендей, салыстырмалы түрде ғана қызмет көрсете алады. Сөздің мәйегін біз ұстап отырмыз. Мысалы, «барық» деген сөз бар. Біреу оны «дуал, қабырға» деді, біреу басқа деді. Оның тәңірлік дінге қатысты «ғибадатхана» деген мағына беретінін анықтадық. Соны анықтау үстінде жүріп, жол-жөнекей «шыт» деген сөздің мағынасы «іргетас» екенін таптық. Осындай мысал өте көп.

– Бұл мысалдар біз естіп жүрген «қазақтың тәңіршілдік дінінің ешқандай жазба негізі жоқ» деген тұжырымның қате екенін, жазба көздері бар екенін көрсетпей ме?

– Ия, дәл солай. Су-жы ескерткішінде «Яғылқыр хан ата ұйғыр елінен келді». Яғылқыр – ұйғыр қағанатын ұйымдастырушы титулдық тайпа атауы деп оқылып, ғалымдар соған тоқтаған еді. Менде сұрақ туды – тайпа атауы болса, онда ол атау «хан ата» деген сөздермен қалай үйлеседі? Қазбалап келгенде оның ұйғыр қағанатына манихей дінін таратушы алғашқы миссионер екені анықталды.

– Ғылым – консервативтік орта ғой, бір қалыпталып қалған нәрсе сол бетпен кете береді, оны бұзу өте қиын.

– Иә, сол қалыппен кете береді. Мен соларды жөндеп жатырмын. Жөндеймін деп «моңғолдан келген Қаржаубай орысқа қарсы, әдейі талқандап жатыр» деген сөзді естіп те жатырмын. Манихей діні деген не? Бұл діннің негізін салушы Мани деген адам парсы жерінен 2-3-ғасырда біздің жерге келген. Келсе бұл жақта бір Тәңірге табынған елді көреді. Оның елінде, арабта, гректе әр ауылда – бір құдай. Таң қалады. Дереу дайын тәңіршілдік діннің көп жағын алады да, манихеизм дінінің негізін салады. Біз осыны зерттей алмай жатырмыз.

– Күлтегін және басқа да ескерткіштердің тіліне ең жақын тіл – бүгінгі қазақ тілі дегенді естиміз. Олай болса жоғарыдағыдай әлі шешілмеген түйіннің көп болу себебі неде?

– Мен кандидаттық диссертациямды байырғы ұйғыр қағанаты дәуіріндегі ескерткіштер тарихынан, докторлық диссертациямды моңғол жеріндегі Орхон ескерткіштерінің фонетикасынан қорғадым. Фонетика мен фонология ескерткіштер тілі қыпшақ тілі тобына жататынын көрсетті. Оғыз тілінің әсері бар, бірақ, қыпшақ тілінің әсері басым бұл топқа бүгінгі қазақ, қырғыз, қарақалпақ, құмық, гагауз, татар, башқұрт тілі кіретінін анықтадық. Оның қазақ тіліне жақын болатын себебі сол. Қазақ ескерткіштер тілін 5-6 айда ұғынып алады. Мен о баста бұл ғылымға Ғұбайдолла Айдаровтың бір мақаласын оқып келген адаммын ғой. Тілді меңгерген соң сол кездегі көне салт-дәстүрді, археологияны білмесең көне жазулар сырын ашу мүмкін еместігін көріп археологиямен айналыстым. Сібірдегі кішкентай халықтардан бастап қазақтың салт-дәстүрін зерттедім. Және оны бірінші болып мен меңгердім. Сонда барып мен көк түрікше ойлайтын, көк түрікте мына нәрсе былай болған екен, бүгінгі бізде мынадай ғой деп айта алатын, салыстыра алатын, сол арқылы құбылыстарды түсіндіре алатын деңгейге жеттім.

Мысалы, малдың басын ең құрметті адамға тек біздің қазақ қана тартады. Ал, Білге қағанның барық-ғибадатханасында өзінің аппақ мәрмәр тастан мүсіні бар, жанында әйелі Бөбегей ханымның мүсіні, екеуінің алдында жозы тастың үстінде қойдың 12 мүшесі, ең үстінде басы тұр! Міне, жалғастық дегеніңіз! «Тағы қайда бар екен?» деп іздегенде, Шығыс Түркістан жерінде өмір сүрген сақтардың молаларынан осындай он шақты қойдың басы табылды... Яғни, қазақтың бұл дәстүрі де сонау сақ заманынан үзілмей жетіп отыр бізге!

Дін бөлек, діл бөлек. Адамды жерлерде қабырды қазған топырақтан әр адам бір уыс алып қалтаға салады, сол топырақ салған қалтаны мәйітке жастық етіп қоямыз.

– Марқұмның жерлеуіне қатысып, бір уыс топырақ салу – оған көрсетер ең соңғы құрметіміз ғой.

– Мәйітті бұрын қазақ шалқасынан қоятын, ислам келгелі құбылаға қаратып бір қырынан жерлейтін болдық, шарияттың қояр талабы сондай. Ақыреттеу көк түрік заманынан бері өзгермеген – ол кезде де ақ киізге орап, белінен екі жерден орап қояды екен. Ақымдау да - денені қабырдың бүйіріндегі «үйге» қою - көк түрік кезіндегідей. Дәстүріміздің көбі өзгермеген!

– Археологиялық қазбаларға қатысуыңыз өз көңіліңізден шығып жүр ме?

– Әлде де көбірек қазуымыз керек. Ұлы адамдар жерленген мазарларды көп зерттедік, енді қарапайым адамдардың мазарларын көбірек зерттеуіміз керек. Қазақстанда мазарлардың қаншалықты сақталғанын мен айта алмаймын, ал, Моңғолияда олар жақсы сақталған. Мен моңғол даласын 30 жыл шарладым, «мына мазар – түріктікі» деп қатесіз айта аламын.

– «Моңғолияда олар жақсы сақталған» деп қалдыңыз, жалпы, мазар болсын, басқа болсын, көне дүние ескерткіштеріне деген көзқарас моңғол елінде қалай?

– Оған деген құрмет, ізет ерекше. Олардың ешқайсысына қол тигізбейді, әруақты дүние деп қарайды.

– Қазылған жерді консервациялау керек дейміз, сол мәселе қалай шешіліп жатыр?

– Қазір ғылым дамыды ғой. Сүйектерден ДНК-ны анықтаған соң, қайтадан апарып орнына көмгеннен дұрысы жоқ. «Ашық аспан астындағы музей» дейміз. Берелді ашып жатырмыз. Сол жерде ашық музей жасай алсақ, әрине, дұрыс болар еді. Бірақ, бәрінен жасаудың керегі жоқ.

– Бір ғана Күлтегін ескерткішінің өзінде әлі ашылмаған қанша құпия бар екен. Бүгінгі құпия ертең ашылары сөзсіз. Сұрайын дегенім – сол Күлтегін ескерткішінің көшірмесін әкеліп Астанаға орнаттық. Өте жақсы! Енді қашалған жазуы бар қалған Орхон ескерткіштерінің көшірмесін жасату қажет пе? Жоқ әлде оларды суретке түсіріп, сонымен шектелгеніміз жете ме?

– Қазір Монғолияда билікке жастар келіп жатыр. Олар қызғаншақ. «Бұл – біздің тарихымыз» деп жолатқысы келмейді. Мен 7-8 көшірмесін жасаттым. Ал, 500 фотосурет пен 300-дей сызба көшірмесі бар «Орхон-Енисей ескерткіштерінің атласы» деген 3 үлкен том менде дайын тұр. 30 сағаттық бейнебаян тұр. Бірақ, Мәдениет министрлігі оларды басып шығаруға асығар емес... «Неге баспайды?» десеңіз, Қаржаубайдың пәленшеден, түгеншеден абырой-атағы асып кетеді деген қазақы көреалмаушылық жібермей тұр...

– Латын жазуына көшетініміз анық болды. 1947 жылы Израиль мемлекеті құрылғанда олар көне иврит тілін тірілтті. Күн сайын премьер-министрден бастап барлығы 2 сағат оқып-үйренді. Бізде де ғайыптан тайып жоғарыдан «өзіміздің төл көне сына (руна, ойма) жазуымызға көшеміз» деген пәрмен келді дейік. Көшуге дайынбыз ба?

– Бүгін көшуге болады! Ол алфавитті компьютерге де енгізіп қойдық. Әлемде 38 түрік мемлекеті, 300 млн. түрік халқы бар. Солар қолданбаған әліппе қалмады. Солардың ішінде руника секілді түріктің жүрегін жарып шыққан, оның жанына, тіліне жақын жасалған бірде-біреуі болған жоқ! Себебі, біздің тіліміздің мәйегі – сингармонизм, үйлесімділік. Осы қасиет біздің тілімізде сақталған. Өзбектер одан айрылып қалды. Бізде 26 дыбыс, оның ішінде «ә» бастаған 9 төл дауысты дыбыс бар. Бұрын «ә» жоқ еді, «ә» орнына «е» қолданылатын. Бабаларымыз сол 8 дыбысты екі-ақ әріппен берген. Жіңішке дыбыстарға бір бөлек таңба, жуан дыбыстарға бір бөлек таңба берген. 1500 жылдан кейін Ахмет Байтұрсынұлы руниканы, оның осы заңдылығын білмесе де өзі қазақ дыбыстарын зерттеу жолында сол заңдылықты тауып, оны дәйекше арқылы арабша төте жазуға кіргізген! Ал, бабаларымыз ол заңдылықты бұдан екі мың жыл бұрын қолданған ғой!

– Мәнді сұхбатыңыз үшін рахмет, аға! Құдай қуат берсін! «Қажымас Қаржаубай» атанып, толағай тірлік атқара беріңіз!

Сұхбаттасқан Өмірзақ АҚЖІГІТ, «Оңтүстік Қазақстан».

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ