Руханият 0 пікір 0 лайк

Аң үйретуші

Ақпан 10 / 2018

 

Мақпал ТӨРЕБЕК, «Оңтүстік Қазақстан».

Жер бетінде қанша адам бар, сонша тағдыр бар. Бір тағдыр бір тағдырды қайталамайды. Мәселен, қазығұрттық Әбдімүтәлі аға ешуақытта цирк әртісі боламын деп ойлаған емес. «Мал бағатын шығармын» дейтін. Бірақ, тағдыры солай екен, отыздан асқанда өнерге келді...

 

Сонымен, Әбдімүтәлі Серікбаев – Қазығұрт ауданындағы Айнатас ауылының тумасы. Кішкентайынан қой қайырып, асау ауыздықтап өскен ол оқуға құлықты бола қоймапты. Таңның атысы, күннің батысы малдың соңында жүргендіктен бе, мал бағуды мақсат тұтатын. «Көшедегі екі-үш есекті арқанмен бір-біріне байлап, үстінде ер тоқымсыз қақиып тұрып шабатынмын. Шешем майып боларсың деп жанын шүберекке түйсе, әкем «мұны циркке құрту керек» деп айғайлап жататын. Сонда цирктің не екенін де білмейді екенмін» деп бала кезіндегі тәтті естеліктердің тиегін ағытты.

Сегіз жылдық мектепті бітіргеннен кейін Әбдімүтәлі ағаны әкесі қатарынан қалдырмай оқуға түсірмек болады. Бірақ өзі үзілді-кесілді бас тартыпты. Өйткені, оның оқудан гөрі шаруаға епті, төрт түлікке жақын екенін бүкіл ауыл білетін. Қырда қой бақты. Әкесінің көкпарға шабатын аттарын баптады. 26 жасында үйленді. Екі қызы өмірге келді. Содан 2006 жылы дәм-тұз айдап Астанаға келді. Құрылысшы болды. Алайда, солтүстікке үйрену оңай болмады. Аңсары ауылға ауды да тұрды. Бірде сабыры сарқылған ол қасындағы құрылысшы көкесіне малдың иісін әбден сағынғанын айтып, мұңын шағады.

«2007 жылдың желтоқсан айы болатын. Әлгі кісі мені Астана циркіне ертіп әкелді. Әрине, күлкілі көрінуі мүмкін, бірақ түйе мен жылқыны көргенде қалай қуанғанымды көрсеңіз. Осылайша ойда-жоқта отыз жасымда циркке қызметші болып жұмысқа қабылдандым» деп күледі ол. Циркте ат пен түйе үйретуші болып жұмыс істеп жүріп, екі қызын акробатикаға береді. 2012 жылы өзі жылан сатып алады. 14 жастағы Айзада сол жыландармен әуеде өнер көрсетіп жүр. Өткен жылы Ресейден маймыл, Татарстаннан 4-5 айлық екі қонжықты сатып алыпты. Қазір қонжықтары екі жастан асқан. Ламбада, лезгинка билейді, түрлі трюктер жасайды.

Бірде Астана театры гастрольдік сапармен «Оңтүстік-циркке» келгенде Әбдімүтәлі мекеме басшысы Арман Әлиевке туған өңірге қайтқысы келетінін айтады. Директор бұл ұсынысты қуана құптайды. Содан өткен жылдың шілде айында Шымкентке келіп, циркке жұмысқа орналасады. Әлі манежге шықпаған төрт арыстанды үйретуді жауапкершілігіне алады.

– Бұлар да адам сияқты. Әрқайсысының мінезі әртүрлі. Сондықтан оларға балаларыма қарағандай қараймын. Бірін еркелетпесең тыңдамайды, екіншісіне қаталырақ болуға тура келеді. Аң үйретушілер «ұрмаймыз» дегенді жиі айтады. Ал, мен ара-тұра ... сабасына түсіріп қоямын. Себебі, оның жаратылысы жыртқыш, сенен аяқ тартпаса кез келген уақытта өзіңе шабуы мүмкін. Ал, бір арыстан қастық қылса, қалғандары қарап тұрмайды, – дейді ол.

Оның айтуынша, жыртқыштардың ішінде ең қауіптісі – аю. Ол бірден шабуылға көшеді. Ал, арыстан мен жолбарыс шабуыл жасарда жүндерін тікірейтіп, ырылдап, пиғылын білдіре бастайды екен. Әбдімүтәлі аға да кішкентай қонжықтарының бетінен ұрып жіберген немесе тырнап алған кездері жиі болғанын айтады.

Аң үйретушінің төрт перзенті де өнерден құралақан емес. Әсіресе, кенжесінің осы салаға бейімі бары байқалады. Ал, Әбдімүтәлі аға үшін ұл-қыздарының қай салаға бет бұрса да кәсібін орта жолдан тастап кетпей, соңына дейін жеткізгені маңызды. «Адам деген ұлы жаратылыс қой. Цирк дегеніміз – сол жаратылыстың бәріне үстемдік ете алатынын көрсететін бірден-бір орын. Алайда, ажалың бұйрығыңды орындап тұрған аңнан болуы да мүмкін. Сондықтан мұның қаншалықты қауіпті екенін айтудың өзі артық шығар» дейді ол.

Ол – аң үйретуді табиғаттың өзінен үйренген ауыл қазағы. Жыртқыштармен жұмыс істеу үшін оған Жаратушы мықты жүрек пен батылдық берген. Дей тұрғанмен, кәсіби білімін жетілдіргісі бар. «Мен манежге енді бас сұғып отырған адаммын. Сіздер төрт арыстанның 7-8 күндік жұмысының нәтижесін көріп отырсыздар. Меніңше, дайындықты осылай күнделікті жүргізсек, арыстандар жазға таяу манежде өнер көрсететін болады» деп сөзін түйіндеді аң үйретуші. Біз болсақ, 30 жасында циркке келіп, 42 жасында әртіс атанған Әбдімүтәлі ағаға қарап кез келген кәсіпке деген махаббат пен қызығушылық болса, сол салаға бет бұруға ешқашан кеш еместігіне көз жеткізгендей болдық.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ