ЖАЙСЫЗ ӘЙЕЛ ЕР ҚАДІРІН БІЛМЕС

Ақпан 09 / 2018

        Бір кітаптан біздің заманымыздан мың жыл бұрын өмір сүрген Әбу Бәкір Шибли деген әулие жайлы оқығаным бар еді. Жазылған әңгімеде кейіпкердің жарының мінезі жайсыз екені баяндалады. «Маңдайы –тайқы, көкірегі –қайқы» әйелдің кесепаттығына тақуа сабырмен қарайды.

 

             Қазақта «Ер жігіттің өлгені, ессіз болса алғаны» деген бар емес пе?!   Бір күні әлгі әйелі Әбу Бәкірге үйреншікті әдетімен нан жабатын тандырға от жағуды тапсырады. Жауап қайырмастан келіншегінің «бұйрығын» орындаған Әбу Бәкір пеш қызды-ау деген уақытта үйге кіріп, келген қонақтармен әңгіме-дүкен құрады. Әйелі дұрыс қызбаған тандырға нан жабыстыра алмай әбігерге түседі. Сосын долданып келіп күйеуінің арқасынан теуіп жібереді. Сонда ақылсыз әйелінің қылығына бойы үйреніп кеткен Әбу Бәкір «Ызақорды кімнің келер көргісі, ашу-ыза ақымақтықтың белгісі» деп қысқа жауап қайырып, тандырға қарай аяңдапты. Пештің өшкен күлін әрі-бері қозғап: «Өзіңе де обал жоқ-ау, шайх. Егерде тандырын жақсылап қыздырсаң, бұл тепкіні көрмеген болар едің» деген екен. «Хадис шәрифтегі» «Сабырлық – кеңпейілділіктің шыңы» деген нақыл да, «Әйелді жеңгің келсе – жеңіл» деген даналық та осыдан қалса керек. Үндінің нақылындағы «Отбасын құру үшін ғашық болу жеткілікті, ал оны сақтау үшін сабыр мен төзім қажет» дегені осы шығар...

             Адам үшін қасиет атаулының ең қадірлісі – өзін-өзі ұстай білуі. «Ақ орданы алпыс еркек толтыра алмайды, бір-ақ ақ жаулық толтырады» деген сөз бекер емес. Алайда, бүгінгі қоғамда бағынудың орнына ерінің сағын сындыратын, төмен тұрудың орнына өзін биік ұстайтын әйелдер көбейіп келеді. Осындай отбасында өскен бойжеткен де барған жерінде көнбістіктен гөрі айтқанымен жүргізуге бейіл боп өседі. Соның кесірінен ер азаматтардың қадірі қашып барады. Қазақтың қайсыбір даналығын да дуалы, сөзі уәлі данагөйлер айтқан ғой. Мұндайда қазақ «Жақсы жігіт елімен ойласады, жақсы әйел ерімен ойласады» дейді. Яғни, қазақ еркекті әйелді сыйлауға, әйелді еркекті пір тұтуға шақырады. Сондықтан ерлі –зайыптылар  тырнақ астынан кір іздемей, сыйласып, дүниеге әкелген ұл –қыздарын жетімсіретпегенінің өзі қоғам үшін үлкен қолғабыс. Бір қарағанда біз сипаттаған Әбу Бәкір жасық азамат көрінуі кәдік. Бірақ оның кемшілікті өзінен іздеуі бүгінгі өскелең ұрпаққа үлкен сабақ болуға тиісті. Кім кішірейсе, оның ар алдындағы таразыда бәсі басым болмақ.  

 Оразхожа БЕКАХМЕТОВ,

Мақтарал ауданының құрметті азаматы.

 Жетісай қаласы.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ