ӘКЕЛЕР ЖҮРГЕН ІЗБЕНЕН...

Ақпан 08 / 2018

  

        Бала кезімде әкем қазыналы Қаратаудың теріскей бетіндегі Қарақұр ауылында дүниеге келіп, Раң ата деген жерде өскенін жиі айтып отырушы еді. «Ақсүмбе, Көкшенің құмы, Алтынтау, Мыңжылқы, Келіншектау деген жерлер бар (Созақ ауданына қарасты жерлер). Шіркін, табиғаты қандай тамаша десеңші... Сылдыраған бұлақ, сырғи аққан өзеннің  кереметін тағы да бір көзбен көрер ме едім»,- деп тамсанатын. Аузымыздың суы құри тыңдайтын суреттеуден кейін біз де сол жерлерді бір көруге құмартатынбыз. Әсіресе, жасым келген сайын әкемнің сөзін өсиет көріп, ол жүрген жерлерді аралауға құлшынысым арта бастады.  Содан 72-ге қараған шағымда Қаратауды бетке алдым...

 

              Жолым түспес пе еді, өткен жылдың қыркүйегінде Қазақбай деген ағайын інім қонаққа шақырды. Ол Раң атадан 25 шақырым әрідегі Қаратау деген ауылда тұратын. Алыс-жақын ағайынның басын қосқан жиында інім Раң атадан келген Нышан деген жігітпен таныстырды. Өзі Қазақбаймен қатарлас екен. Ертеңіне Нышанның үйінде қонақ болдық. Не керек, сол сапарымда Раң ата мен Жартытөбеден бастап Аққолтық, Шолаққорған, Созақ, Қарақұр ауылдарын, Мыңжылқыны (басына бұлт қонатын Қаратаудың ең биік жері) Келіншектау мен Алтынтауды түгел араладым.

            Раң ата тау қойнауындағы 70-80 үйлі шағын ауыл екен. Шығысқа қарай сарқырап ауылмен аттас өзен ағып жатыр. Өзенді өрлей көтеріліп, ауылдан бір белес асқанымызда Раң атаның сағанасы көрінді.

           – Ауылға осы әулиенің аты берілген. Өзі діни сауатты, елге сыйлы тақуа кісі болыпты. Дүниеден қайтқан соң ауылдағы шебердің түсіне кіріп, қабірінің басына бір белгі орнатуын өтініп, аян берген деседі. Сол ұста салған сағана үгітіле-үгітіле бір жарым метр үйіндіге айналыпты. Сырып тастауға сескеніп жүрдік. Ақыры жанымыз жай таппаған соң, ауыл ақсақалдарымен  ақылдасып, биіктігі бес метрге жуық күмбезді кесене тұрғыздық,-деді Нышан. Мен де сауапты істің басы-қасында жүрген інімнің арқасынан қағып, мұнысын құптағанымды аңғарттым.  

             Ертеңіне Алтынтауға бардық. Бұл жолы ол Шалданбай әулие туралы әңгімелеп берді. Есі ауысқан, елірмеге ұшыраған адамдар Алладан шипа сұрап қорым басына келеді екен. Қол-аяғын байлап әкеліп осында түнеткен талай сырқат сауығып кетсе керек. Мұнан соң Ақсүмбе ауылына жол тарттық. Биіктігі шамамен 7 метрді құрайтын, шикі қыштан қаланған «Ақбикеш» әженің кесенесі шеңбер пішіндес соғылыпты. Құран бағыштап, төменге түскенімізде Нышан: «Ертеректе жауды алыстан бақылайтын мұнара болған екен,- деді. Ал, мен әулиенің неге Ақбикеш атанғанын араға апта салып, ағайын інілерім Жұмабек пен Биғалидан естідім.

             Жалғыз ұлымен жастайынан жесір қалған Ақбикеш көріпкелдік қасиеті бар келіншек болыпты. Осы сағананың басында күнелтетін ол жау келе жатқанын сезсе, әлгі баласын жүгіртіп жіберіп елді сақтандырып отырады екен. Содан бұл мұнара Ақбикеш атанып кетсе керек. Кейін ауыл адамдары оны көріпкел жігітке ұзатады. Екеуінен сәуегей туылар деп жорамалдайды. Бірақ Ақбикеш өмірге әкелген балалар көзі көрмейтін зағип болыпты.

             Жол үстінде Нышанның немере ағасы Аю мен Қойайдар әулиелер туралы аңызды айтып берді. «Екеуінің сағанасын көргендер ең қимас досын еске алады» деп әңгімесін бастады ол. Аю дүниеден өткенде Қойайдар «Мені қайтыс болған соң, досымның жанына жерлеңдер»,-депті. Қойайдар өмірден озғанда ауыл адамдары оны досының қасына қойып, достықтың нышанындай болған кесененің қабырғасын қалапты. Осы кезде мен де іштей достарымды сараптай бастаған едім.

            – Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс. Бұл Елбасымыздың  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында  айтылған ой. Міне, менің де әкем жүрген жерлерді аралаудағы басты мақсатым осы. Енді мен де әкем сияқты ұл-қыздарым мен немерелеріме қазақтың жазиралы даласының тұмса табиғатын суреттеп беретін боламын.

Жаңабай ТӨЛЕУІШ,

зейнеткер.

Шымкент қаласы.

 

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ