Қазақты тазысынан айыру тегiнен айырумен бiрдей

Ақпан 06 / 2018

 

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Тазы – қазақтың жеті қазынасының бірі. Тіпті, кейбір аталарымыз тазыны итке жатқызбайды. Оған ерекше құрметпен қарап, өзінің отбасы мүшесіндей көреді. Сондықтан болар, ертеректе тазы үйдің төрінде жатқан. Ал, өзге ит атаулыны үйдің маңайына жолатпаған. Себебі, Исламда итті үйге кіргізуге болмайды деген қағида бар. Бұл ереже тек тазыға ғана жүрмеген. Осыдан-ақ қазақ халқының тазыға деген айрықша құрметінің белгісін көруге болады. Бұлай болуы заңды да. Өйткені, кезінде тазылар бүтін бір әулетті асыраған. Талай ауыл әуелі Құдай, сосын тазылардың арқасында аштықтан аман қалған. Тазы тақыр кедей иесін отбасымен бірге аштан өлтірмеген. Тазыны жақсы көру, оған деген құрмет қазақтың бойында әлі де бар.

 

Тазының тағдырына немқұрайды қарамайтын азаматтар облыста «Оңтүстік тазылары» деген қоғамдық бірлестік құрған. Бүгінгі таңда осы бірлестікке 25 адам мүше. Олардың әрқайсысы тазы жүгіртіп, саятшылықпен айналысады. Бірлестік мүшелерінің айтуынша, «Оңтүстік тазылары» ұйымын құрудағы мақсат – тазылар санын көбейту, тұқымын тазалау, тіркеу жағынан құжаттарын реттеу және оны асырауға байланысты пайдалы кеңестер беру.

– Қымыздың патенті қолдан сусып кетті. Енді ғасырлар бойы қазақ өзімдікі деп санап келген тазыдан айрылып қалу қаупі туып тұр. Тазыға қазір орыстар мен түріктер «құда түсіп» жатыр. Орыстар тіпті өздерінікі екенін растайтын құжаттарды қаттап, дайындап қойыпты. Түріктер де құжат бойынша ресімдеу жағынан пысықтық танытып отыр. Қазақтар келісімін берсе, Сұлтан тазы деген атпен өздеріне меншіктеп алмақ ойлары бар. Тазыны қазақ өзінің атына патенттеп алу үшін Бельгиядағы халықаралық кинологиялық федерацияға тіркету қажет. Бұл ұйым қазақтың тазысын қазақтың атына тіркеп беру үшін Қазақстанда тазының саны мыңнан асуы қажет және шежіресі жағынан 7 атасы да толық болуы тиіс. Қазіргі таңда осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бірақ, жемісті деп айту қиын. Шымкентте жылына екі мәрте иттер көрмесі ұйымдастырылады. Оған тазы жүгіртушілер кемінде үш рет қатысуы керек. Құжат алу үшін тазысы кем дегенде жарыстардың бірінен жүлделі орын алып келуі шарт. Онда да тазы иесіне құжатты мә деп бере салмайды. Осы тазы әрі қарай тұқымдық түрлендіруге жарайды деген ғана бір жапырақ қағаз береді. Сондықтан тығырықтан шығу үшін жаппай инспекция жүргізу керек. Яғни ауыл-ауылды аралап, тазы жүгіртетін азаматтардың әрқайсысымен жеке-жеке жолығып, тазыларын сол арада зерттеп, құжатты да сол жерде ресімдеп беріп кету керек. Бұлай етпесек, уақыттан ұтылатын түріміз бар. Оның үстіне, ауылдағы тазы серілерін көрмеге шақырып келтіру өте қиын іс болып тұр. Егер осылай істесек, мың тазының тізімін жинау оңай. Оңтүстіктің өзінен 6-7 мың тазы ойланбай табылады. Қазірдің өзінде жүз тазының шежіресі дайын, – дейді «Оңтүстік тазылары» қоғамдық бірлестігінің белді мүшесі Қажымұрат Күлпешов.

Қазақ тазысының өзге аңшылық иттерден бір айырмашылығы, біздің тазы иіс қуалайды. Яғни жемтігін көрмесе де ізіне түсіп, исін сезіп қайда жасырынғанын, қайда жүргенін тауып алады. Ал, өзге иттер жемтігін көрсе ғана артынан қуады. Әлемде тазы тектес бірнеше аңшылық иттер бар. Бірақ, олардың барлығы да қазақтың тазысынан тарағандар. Мысалы, арабтың тазысы Салюк деп аталады. Сол секілді ағылшындардыкі Грейхаут, орыстарда Русская борзая бар. Алайда, бұлар қазақтың тазысымен шағылысқаннан пайда болған түрлері. Соңғы кезде қазақ даласына тазыны Исламды тарату үшін келген арабтар әкелді деген болжамдар да айтылып қалады. Оның қаншалықты рас екенін бір Құдай біледі. Қажымұрат бұл пайымның шындыққа жанаспайтынын айтады. Өйткені, Оңтүстік жеріндегі жартастардан осыдан 7-8 мың жыл бұрын тазының тасқа басылған бейнелері табылған. Ал, Исламның қазақ даласына тарағанына мың жылдан енді асқан жоқ па?! Бәлкім арабтардың Салюгінің арғы атасы қазақтың тазысы шығар.

«Оңтүстік тазылары» ұйымының тағы бір мүшесі Бақытжан Дінәсіловтің айтуынша, қазақтың тазысының екі түрі болады: жарғақты және шашақты. Жарғақты тазының құлағында жүн болмайды. Шашақтыда керісінше, құлағының жүні қалың болады. Қазақ шашақтыға қарағанда жарғақтыны көбірек бағалайды. Өйткені, жарғақты тазы алғырлық, жылдамдық жөнінен шашақтыдан бір бас жоғары тұрады. «Жарғақты көрсе жан қалмас» деген қазақтың ескі сөзі де осыдан қалған.

– Тазы бірнеше түске бөлінеді. Қызыл, сары, көк, қара... Солардың ішінде ең мықтысы қызыл және сары түсті тазылар саналады. Түсі жағынан қара түсті тазылар ең төменгі орында тұрады. Ата-бабаларымыз тазының тұқымын құртып алмай, бүгінгі ұрпаққа аман-есен жеткізгені үшін оларға мың алғыс айту керек. Алайда, қазір, өкінішке қарай, тазыларға деген қамқорлығымыз шамалы болып тұр. Қырғыз ағайындарда да тазы бар. Тазыны олар тайған деп атайды. Қырғыздың тазысы таулы аймақтарда аңшылық құруға шебер. Сондықтан тірсектері жуан, біздің тазыларға қарағанда тұрқы сәл ірі болып келеді. Содан соң оларды ретіне қарай қасқырға да сала береді. Ал, қазақтың тазысы кең, жазық далада аң аулауға бейімделген. Қырғыздар өздерінің тайғанына өте ұқыптылықпен қарайды. Қандай дәрежедегі көрме, байқаулар болсын, алып барады. Осылайша, тайғанды әлемге таныстырып жүр. Орыстар да «полевая охота», яғни аңшылық мезгілі туғанда барлық тірлігін ысырып тастап, тазыларын жүгіртіп, аңға шығады. Біз өкінішке қарай, «қансонарда бүркітші шығады аңға» дейтін ата-баба дәстүрін мықтап қолға ала алмай жатырмыз. Өз басым аңшылықпен айналысып жүргеніме он жыл болды. Алғашқы кездері қолыма мылтық алып, үйрек-қаз ататынмын. Қазір тек тазы жүгіртемін. Саятшылық бұл да адам баласына берілген өнердің бір түрі ғой. Шынымды айтсам, тазы жүгірткен уақытта дүниенің бәрін ұмытып, керемет бір сезімге бөленемін. Қазақтар тазыны құны жетпес қазына деп есептеген. Ертеректе бір тазымен қыздың қалыңмалын өтеген жағдайлар да болған екен. 47 жылқыға сатылған тазылар болған, – дейді Бақытжан Дінәсілов.

Қазақтың тазыны итке жатқызбауының себебі, халқымызда тазы торы ала қаздың жұмыртқасынан пайда болып, содан тараған деген аңыз бар. Ал, тазының сонау ерте заманнан келе жатқан таза тұқымы тек біздің өңірде ғана сақталып қалыпты. Сондықтан да өзге облыстардың аңшылары тазыны бізден келіп әкетуде. Оңтүстіктен өзге жақтағы тазылар көбінесе шағылысқан болып келеді. Мәселен, Жетісу аймағы мен Сарыарқа даласындағы тазылар Салюкпен шағылысқандар. Ақтөбе, Шығыс Қазақстан өңірлері туралы да осыны айтуға болады. Елімізде «Қансонар» аңшылар бірлестігі жұмыс істейді. Алайда, «Оңтүстік тазылары» ұйымы мүшелерінің пікірінше, бұл бірлестік қазақ тазысының келешегін ойлап, қазақтың мүддесі жолында тер төгіп жатқан жоқ. Бар тірлігі аңшылыққа шығуға рұқсат беретін құжат тарату ғана. Сондықтан қазақтың тазысына шынайы жаны ашып, қамқорлық танытатын жаңа қауымдастық құру бүгінгі күннің басты талабына айналып отыр.

Біз әлем қанша жерден технологиялық дамуды бастан кешірсе де өзіміздің ұлттық салт-дәстүрімізді ұмытпауға тиіспіз. Жадымызда сақтап қана қоймай, оны күнделікті өмірде де қолданып, ұрпақты соған қарай бейімдеп отыруымыз керек. Қазақтың тазысы, саятшылық өнері бұл да ұлттық кодымыздың бір түрі. Қазақты тазысынан айыру тегінен айырумен бірдей. Осыны ұмытпайық!

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ