Рухани жаңғыру 0 пікір 0 лайк

ҒЫЛЫМҒА КӨПТIҢ АҚЫЛЫ ЖҮРМЕЙДI...

Желтоқсан 04 / 2018

 

Соңғы кезде әлiпби ауыстыру мәселесiн, ауыстыра қалған күнде қай әлiпбидi таңдау жайын халық талқысына салып, референдум арқылы шешу керек деген ұсыныстар айтылып жүр. Шындығында, бұл мәселе бүкiл халық жабылып шешетiн iс емес екенiн, кешiрiңiздер, түсiнген жөн. Әлiпби жобасын тiл мамандары (фонетистер) дайындайды, сонан соң педагог-ұстаздар, әдiскерлер, сызба шеберлерi, көз дәрiгерлерi, психологтар, т.б. арнайы сараптаудан өткiзедi. Жоба арнайы сараптаудан өткен соң мемлекет тарапынан бекiтiлiп, көпшiлiкке мiндеттi құжат ретiнде ұсынылады. Әрi қарай ол талқыланбайды, тек орындалады.

 

Ендеше, ғылыми ақиқат көпшiлiк дауысқа салумен анықталмайды, ғылыми iс «асармен» бiтпейдi, ғылыми нәтиже аламан жұрттың кеукеулеуiмен алынбайды. Ерсi көрiнсе де айтайық, ғылым саласында «көп ақылы – көл болмайды». Ғылыми таным жолында азшылық көпшiлiкке бағынбайды, тiптен бiр адам дүйiм жұртқа жөн сiлтеп, жол көрсетiп отырады. Әлiпби саласында ол – Ахмет Байтұрсынұлы. Ғылымда қоғами теңдiк (демократия) жоқ. Ғылым – адамзат болмысының бейдемократиялық тұсы.

Е гемендiктiң салтанатты көрiнiсi, рухы Елтаңба, Ту мен Әнұран болса, күнделiктi мазмұнының бiрi - жазу. Жазу дегендi тек әрiп жиынтығы деп қарамау керек. Жазу әлiпби, таңба және емле-ережеден құралады. Әлiпби – тiлдiң дыбыс құрамы, таңба – дыбыстың қауызы, ал, емле-ереже – әлiпби мен таңбаның ұлттық дәнекерi. Олай болса, әлiпбиi, таңбасы мен емле-ережесi үйлескен жазу тiл егемендiгiнiң бiр кепiлi болып табылады.

Ендеше, мемлекеттiң бұл бағыттағы қолға алып жатқан шараларын тек әлiпби ауыстыру деп қарамай, оны жазу реформасына айналдыру қажет. Сондықтан әңгiменi тек әлiпби ауыстыру төңiрегiнде ғана өрбiтпей немесе бiр таңбаны екiншi таңбаға қалай ауыстырамыз дегенге ғана саймай, жазу төңiрегiндегi өзге де мәселелердi қамтып отыру керек болады.

Қазiргi әлiпбиiмiздi «қазақ әлiпбиi» деп атаудың еш ретi жоқ. Өйткенi, ол «қазақ әлiпбиi» емес, «қазақ-орыс әлiпбиi», тiптi, «орыс-қазақ әлiпбиi» десе де болады. Өйткенi, әлiпбиiмiз бiр тiлдiң емес, әлдеқашан қос тiлдiң әлiпбиi болып орнығып алды.

Демек, алдағы уақыттағы қазақ тiлiнiң латын негiзiндегi ҰЛТТЫҚ ӘЛIПБИI де тек осы ұлттық құрамда болу керек. Егер осы құрамға төркiнi бөлек бiр дыбыс енiп кететiн болса, онда қазақ тiлi дыбыстарының бүкiл жүйесi (системасы) – фонетика (дыбыс құрамы), лексика (сөздiң үндесiм әуезi), морфология (морфем тұрқы, буын, тасымал), синтаксис (әуен ырғағы) бұзылады. Сондықтан да кiрме дыбыстарға өз алдына таңба ретi белгiленедi.

Әлiпби таңбаларының негiзi ретiнде түркi мемлекеттерi ұсынған және Түркi академиясы қолдап отырған ортақ әлiпби алынса құба-құп. Ондағы мақсат – егер түркi жұрты латын әлiпбиiне көшетiн болса, дыбыс таңбаларын осы ортақ әлiпбидiң iшiнен алу керек болады. Сонда түркi жұрты бiрiнiң жазуын бiрi оқи беретiн болады. Әрине, сөздiң оқылымы әртүрлi бола бередi, бiрақ сөздiң жазылым тұрқы бәрiне түсiнiктi болады. Сөйтiп түркi жұртына ортақ мәтiн шығады.

Қазақ әлiпбиiнiң бұл үлгiсiн ұлттық жоба деп отырмыз. Өйткенi, қазақ дыбыстарының әрқайсысына тән өз таңбасы бар. Сондықтан компьютер түйметақтасына сыйымтал емес арнайы бағдарлама керек болады. Оның үлгiлерi түрiк, немiс, француз, испан, т.б. тiлдерiнiң жазуында бар.

Еуропа тiлдерiнде үстеме белгiлер кеңiнен пайдаланыла бередi, себебi олардың сөзiнде бiр дауыстының сөз құрамында екi рет кездесуi – өте сирек құбылыс. Ал, бiздiң тiлiмiз – жалғамалы (агглютинатив) және үндесiм (сингармонизм) тiл. Бiр дауысты бiр сөздiң құрамында бiрнеше рет кездесе беретiн болғандықтан, олай ете алмаймыз. Бiр сөздiң iшiнде қосалқы (диакритик) таңбалы немесе қосақ таңбалы дауысты-дауыссыз бiрнеше рет қайталанып жатса, жазу дағдысын былай қойғанда, көзтанымға ауыр болады.

Сонымен, бiрiншi кезекте, мамандар анықтап берген қазақ тiлiнiң төл дыбыс құрамын танып-бiлiп, оны бәрiмiз түгел мойындауымыз керек.

Ең жақсы жазу деп ереже-ескертпелерi мейлiнше аз жазуды айтады. Ондай жазу үлгiсi тiлдiң төл дыбыстары мен төл таңбалар үйлесiмiн тапқанда ғана құрастырылады. Ендеше, әлiпби құрамы дұрыс анықталып, оның таңбалары қазақы реттелсе, емле-ереженi жөнге салудың төте жолы ашылады. Сауат ашуды тек сауатты жазу деп түсiнбеген жөн, сауат ашу сауатты қазақы дыбыстаудың да амалы болып табылады.

Кез келген әлiпбидi кез келген тiлге жамап-жасқап пайдалана беруге болады. Алайда, мақсат «әйтеуiр жазу» болмау керек. Жазу ең алдымен тiлдiң iшкi заңдылығымен қабысып жатуы керек. Сонан соң жазу тiлдiң дыбыс жүйесiне нұқсан келтiрмейтiн, керiсiнше, оның әдеби үлгiсiнiң қорғанышы болу керек. Осы екi мақсатты орындау үшiн жазудың емле-ережесi көшiрiндi емес, төл болу керек. Таңбада тұрған ешнәрсе жоқ.

Жетiлген әлiпби – қолдағдыны жеңiл қалыптастырудың, көзтанымды оңай жаттықтырудың, ең бастысы, ана тiлiнiң айтылым үлгiсiн ұрпақтан ұрпаққа бұзбай жеткiзудiң кепiлi. Латын әлiпбиiнiң қолданба бағыттағы саласының аса қажет екенiне еш күмән жоқ. Бiрақ, қазақ тiлiн компьютерге икемдеудiң оңай да жалған-жасанды жолы көп, ал, ауыр да ақиқат жолы бiреу-ақ. Оңай болатын себебi – одан-бұдан өгей дыбыс жинап, таңба талғамай қиып-құрап, жамау-жасқау әлiпбидi әркiм-ақ түзе бередi. Қиыны – бiр ғасыр бойы баса-көктеп кiрiп, қордаланып қалған көп дыбыстың iшiнен төл дыбысты танып-бiлiп, жиып-терiп, өлшеп-пiшiп, қазақ тiлiне лайықты төл әлiпби жасау. Соның нәтижесiнде қазақ тiлiнiң төл дыбыстарына сай төл әрiптер қалыптасады. Қазiргi тiлiмiздегi басы артық 20-30-дан астам жаңсақ емле-ережелер өзiнен өзi жойылып, басы артық кiрме әрiптердiң тiл бұзар машақатынан құтыламыз.

Осы жерде Ахмет Байтұрсынұлының тағлымына арнайы тоқтала кетейiк. Бiздiң жерден жетi қоян тапқандай болып «апостроф» деп әрiптiң бiр шекесiн шертiп сәндеп, «диакритика» деп әрiптi төбесiне сызықша қойып шендеп, О әрпiнiң белiнен тартып ө жасап мәндеп, ае-нi қосақтап ә деп егiздеп жүргенiмiздiң бәрi А.Байтұрсынұлынан қалған үлгi. Ендеше, қазiргi жоба авторлары алып отырған жуан-жiңiшкелiк белгiлер (әртүрлi нұсқасына қарамай) – сол А.Байтұрсынұлы салған сара жол. Арабы таңбалар негiзiнде туындаған дәйекшi дауыстылардың жуан-жiңiшке таңбасына таңылып, кирилшеге көштi. Ендi, мiне, кирилшеден «апостроф, қос нүкте, сызықша, қосақ әрiп болып», мың құбылып, латынша жобаларда жүр. Қалай құбылса да бәрiнiң мазмұны, яғни емле қызметi – сол бiр дәйекшi.

Бiздiң ойымызша, болашақ латын әлiпбиi ешкiмнiң атымен аталмау керек. Өйткенi, бұл жерде ат қоя салатындай үлкен жаңалық ашылып отырған жоқ. Жазудың төл дыбыс құрамы мен емле-ережесiн А.Байтұрсынұлы шешiп берiп қойған, латын таңбалары дайын тұр. Оның үстiне компьютер түйметақтасында қазақ дыбыстарына сай келетiн таңбалар жеткiлiктi. Оны iздеп табуға да көп бас қатырудың керегi жоқ, бәрi алақандағыдай көрiнiп тұр. Мәселе бiрегей 3-4 дыбысты қалай таңбалаймыз дегенге ғана саяды. Қазақ дыбыстарын латын негiзiнде таңбалау (транскрипциялау) үлгiлерi ХIХ ғасыр жазба мұрағаттарында ұсынылып қойылған.

Қазақ тiлiндегi жасанды (фонетикалық) дифтонгтардың сингармологиялық (ескiше фонологиялық) мәртебесiн (статусын) анықтау бүгiнгi қазақ фонетика ғылымының өзектi мәселесiне айналып отыр. Өйткенi, бұл мәселенiң теориялық және практикалық маңызы қатар өзектi болып отыр. Мәселенiң теориялық шешiмi қазақ тiлi дыбыстарының құрамын дәл анықтап, «қазақ тiлiнде қанша дауысты дыбыс бар?» деген сұраққа нақты жауап тауып беретiн болады. Ал, оның практикалық шешiмi қазiргi қазақ жазуындағы қайшылықтардан арылуға мүмкiндiк бередi.

Бұдан туатын қорытынды, орфография мен орфоэпия сөздiктерiн өзара үйлестiру керек болады. Себебi, орфоэпиялық сөздiктiң басым бөлiгi осы кiрме таңбаларды таратып жазуға арналады. Егер кiрме таңбаларды орфографиялық тұрғыдан таратып жазатын болсақ, онда олардың орфоэпиясын дайындап әлек болудың қажетi де болмайды. Орфоэпиялық сөздiктiң көлемi кем дегенде жартысына қысқарады, тiптен үштен бiрi ғана қалуы мүмкiн.

Көпшiлiк арасында тұрқы бөлек латын жазуы өзге ұлт өкiлдерiнiң мемлекеттiк тiлге деген ынтасын тоқтатады, бөлек жазу ұлысаралық татулыққа бүлiк салады деген де қауiп бар. Әлiпби тұрқынан шошып тiл үйренбейтiн болса, онда сол орысың да, қазағың да, басқаң да бала-шағасымен қосылып неге қазiр жаппай латын жазуындағы ағылшын тiлiн үйренiп жатыр? Айтпағымыз, себептi де орнымен iздеу керек. Ал, латын әлiпбиi ұлт араздығын тудырады дегеннiң тiптен жөнi жоқ. Ұлт татулығы мен ұлт араздығы жазуға емес, тұрмыс-тiршiлiктiң бабына байланысты. Бұдан шығатын қорытынды, ұлыстар татулығы ең алдымен мемлекет саясатына байланысты. Елiмiздiң еселi даму қарқыны мен орнықты ұлт саясаты кiмге де болса аян. Әлемде ешбiр ұлт-ұлыс мемлекеттiң жазуына өкпелеп терiс айналмайды.

Соңғы кезде әлiпби ауыстыру мәселесiн, ауыстыра қалған күнде қай әлiпбидi таңдау жайын халық талқысына салып, референдум арқылы шешу керек деген ұсыныстар айтылып жүр. Шындығында, бұл мәселе бүкiл халық жабылып шешетiн iс емес екенiн, кешiрiңiздер, түсiнген жөн. Әлiпби жобасын тiл мамандары (фонетистер) дайындайды, сонан соң педагог-ұстаздар, әдiскерлер, сызба шеберлерi, көз дәрiгерлерi, психологтар, т.б. арнайы сараптаудан өткiзедi. Жоба арнайы сараптаудан өткен соң мемлекет тарапынан бекiтiлiп, көпшiлiкке мiндеттi құжат ретiнде ұсынылады. Әрi қарай ол талқыланбайды, тек орындалады.

Ендеше, ғылыми ақиқат көпшiлiк дауысқа салумен анықталмайды, ғылыми iс «асармен» бiтпейдi, ғылыми нәтиже аламан жұрттың кеукеулеуiмен алынбайды. Ерсi көрiнсе де айтайық, ғылым саласында «көп ақылы – көл болмайды». Ғылыми таным жолында азшылық көпшiлiкке бағынбайды, тiптен бiр адам дүйiм жұртқа жөн сiлтеп, жол көрсетiп отырады. Әлiпби саласында ол – Ахмет Байтұрсынұлы. Ғылымда қоғами теңдiк те (демократия), адами теңдiк те (ғұламалық) жоқ. Ғылым – адамзат болмысының бейдемократиялық тұсы.

Сонымен, сөз қорытындысында мынаны айтпақпыз. Бiрiншiден, орыс жазуына байланысты алған жартыкеш-жарамсақ емлемiз бен әлiпбиiмiздiң ана тiлiмiзге тигiзген бүгiнгi зардабын көре отырып, әлi де болса кириллицада қаламыз деудiң ендi ретi келе қоймас. Оның үстiне Ресейдiң өзiндегi орыс тiлi мамандарының iшiнде де латынға көшейiк деген академиялық деңгейдегi пiкiр қалыптасып келедi. Тiптен, кириллицада қала қойғанның өзiнде оған түбегейлi өзгерiстер енгiзу керек. Ал, оған өзгерiс ендiремiз десек, оның дауы латынның дауынан да асып түсетiнiне еш күмән жоқ. Екiншiден, араға ғасырға жуық уақыт салып, араб әлiпбиiне қайта оралып жатудың тағы жөнi жоқ. Себебi, қазiргi ұрпақ үшiн араб жазуы – көп бейтаныс жазулардың бiрi ғана. Үшiншiден, латын жазуы қалай дегенде де әлеми ақпарат жетiстiгiнiң бiрден-бiр құралы болып қалды. Оның үстiне егер латынға қазақтың төл дыбыстарын баптап өте алсақ, қазiргi жазуымыздағы тiл бұзар басы артық таңбалар мен емле-ережелер жол-жөнекей өзiнен өзi түсiп қалады. Дұрыс әлiпбиден бұрыс емле-ереже туындамайды, бұрыс әлiпбиден дұрыс емле-ереже туындамайды. Жазу реформасы дегенiмiз – осы.

Сондықтан, латын әлiпбиiн жатырқамай, дер кезiнде қабылдау керек болады, тек емле-ережесiн баптап өтейiк, ертең-ақ көз үйренiп, қол жаттыққан соң күмән сейiлiп, үрей өзiнен өзi басылады.

Жанат ЖҮНIСБЕКОВА,

Аймақтық әлеуметтiк-инновациялық университетiнiң доцентi, тарих ғылымдарының кандидаты.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ